Basty bet

Жасанды интеллект және жас ғалымдар

Студенттік идеядан – ұлттық экономикаға қызмет ететін технологияға дейін. Бүгінде Қазақстан жоғары білім мен ғылым саласында дәл осындай жаңа кезеңге қадам басты. Бұрын ғылыми жобалар аудитория қабырғасынан аса алмай, дипломдық жұмыс күйінде қалып жатса, қазір университет студенттері әзірлеген жасанды интеллектке негізделген шешімдер нақты өндірісте, медицинада, мемлекеттік басқаруда және ақпараттық қауіпсіздік саласында қолданысқа енгізіле бастады. Бұл – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, отандық инновациялық экожүйенің қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды үрдіс.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, AI-Sana бағдарламасы аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері мен жас зерттеушілері әзірлеген бірқатар жоба пилоттық кезеңнен сәтті өтіп, халықаралық ұйымдардың, ірі компаниялардың және инвесторлардың назарын аударған. Бұл – еліміздің ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанын ғана емес, қазақ жастарының жаһандық технологиялық бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін көрсеткіш.
Соңғы жылдары әлемде жасанды интеллект экономиканың, өндірістің және қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп еніп келеді. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне аяқ басты. Мұндай жағдайда жоғары оқу орындарының міндеті тек маман даярлаумен шектелмейді. Олар жаңа технологияны өндіретін, оны сынақтан өткізетін әрі қоғам игілігіне ұсынатын ғылыми-инновациялық орталыққа айналуға тиіс.
AI-Sana бағдарламасының басты ерекшелігі де осында. Бағдарлама студенттерге жасанды интеллект құралдарын пайдалануды ғана үйретпейді. Ең маңыздысы – оларды нақты әлеуметтік және өндірістік мәселелерді шешетін технологиялық өнім жасауға бағыттайды. Соның нәтижесінде студенттік жобалар қағаз жүзіндегі идея күйінде қалмай, өміршең стартаптарға, коммерция¬ланатын өнімдерге және мемлекеттік деңгейде қолданылатын цифрлық шешімдерге айналып отыр.
Отандық жоғары оқу орындарының ішінде Astana IT University әзірлеген EnergyDronesAI жобасы ерекше назар аудартады. Бұл жүйе дрондар арқылы күн электр станцияларындағы панельдердің ақауларын автоматты түрде анықтайды. Жасанды интеллект жүздеген гектар аумақта орналасқан күн панельдерін қысқа уақыт ішінде талдап, зақымданған бөліктерді дәл көрсетеді.
Мұндай технология жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігін арттыруға, техникалық қызмет көрсету шығынын азайтуға және энергия өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның халықаралық деңгейде де жоғары бағалануы – оның өміршеңдігін айғақтайды. EnergyDronesAI Shell компаниясының халықаралық грантын жеңіп алып, Қытайда өткен беделді инновациялық байқауда алтын медаль иеленді.
Өнеркәсіп саласында да қазақстандық студенттердің еңбегі нақты нәтижесін бере бастады. Шығыс Қазақстан техникалық университеті әзірлеген Smart Safety Monitor жүйесі шахталардағы жұмысшылардың қозғалысын бақылап, қауіпті жағдайлардың алдын алуға арналған.
Қазақстан экономикасында тау-кен өндірісі маңызды орын алатынын ескерсек, мұндай технологиялардың маңызы ерекше. Жүйе өндірістік қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, адам өмірін сақтауға ықпал етеді. Бұл жоба Дүниежүзілік банктің гранттық қолдауына ие болуы да оның халықаралық талаптарға сай екенін көрсетеді.
Жасанды интеллект тек өндіріс пен бизнестің емес, әлеуметтік әділеттіліктің де маңызды құралына айналып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әзірлеген SignBridge AI жобасының орны бөлек.
Бұл жүйе қазақ тіліндегі телехабарлар мен медиаконтентті автоматты түрде ымдау тіліне аударады. Соның арқасында есту қабілеті шектеулі азаматтардың қазақ тіліндегі ақпаратқа қолжетімділігі артып келеді. Бүгінде аталған технология «Jibek Joly» телеарнасының бағдарламаларында қолданылып жатыр.
Бұл – технологияның тек экономикалық емес, қоғамдық және мәдени маңызын айқындайтын жоба. Мемлекеттік тілдегі цифрлық өнімдердің көбеюі ақпараттық теңдікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақ тілінің заманауи технологиялар кеңістігіндегі орнын нығайтады.
Цифрландыру дәуірінде ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ерекше өзекті. Осы бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен SeoulTech филиалы бірлесіп PhishGuard AI платформасын әзірледі.
Жоба фишингтік шабуылдарды анықтап, азаматтар мен мемлекеттік органдарды цифрлық қауіп-қатерден қорғауға арналған. Қазіргі таңда бұл технологияны прокуратура органдарының жұмысына енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Егер жоба толық іске асса, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің қорғанысын күшейтуге елеулі үлес қосуы ықтимал.
Инновациялық экономиканың қозғаушы күші – стартаптар. Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Astana Hub бірлесіп AI Startify Incubator платформасын дамытты.
Бұл цифрлық алаң жас кәсіпкерлерге бизнес-идеяларын әзірлеуге, сарапшылардан кеңес алуға, инвесторлармен байланыс орнатуға және стартаптарын дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар елімізде технологиялық кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, жаңа буын инновациялық компаниялардың қалыптасуына жол ашады.

Отандық ақпарат
көздерінен әзірленді

Таңдаулы материалдар

Close