Basty bet

Дін мен дәстүр – рухани тұтастық кепілі

Қайрат ауылдық мәдениет үйінде «Jastar» дамыту орталығы ЖҚБ-ның ұйымдастыруымен «Дін және дәстүр – рухани тұтастық кепілі» тақырыбында ақпараттық-танымдық кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық салт-дәстүр мен дін сабақтастығының маңызын түсіндіру, жастар мен тұрғындар арасында дәстүрлі құндылықтарға деген құрметті арттыру және дін мәселелері бойынша сауатты көзқарас қалыптастыру.
Кездесуге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Темур Аманқұл арнайы қатысты. Сонымен қатар, жиынға аудандық Жастар ресурстық орталығының теолог маманы Рамазан Абделиев, имамдар, ақсақалдар, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ауылдық округтегі дін істері жөніндегі мамандар мен жастар қатысты.
Тағылымды кездесуді аудандық Жастар ресурстық орталығының теолог маманы Рамазан Абделиев ашып, жиынның маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін сөз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Темур Оралбайұлына берілді.
– Құрметті қауым! Дін мен дәстүр – халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алатын құндылықтар. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері имандылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ата-ананы құрметтеу, қонақжайлық пен өзара көмек көрсету сияқты ізгі қасиеттерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Ислам діні де адамды жақсылыққа, адалдыққа, мейірімділікке, сабырлылыққа және жауапкершілікке үндейді. Осы тұрғыдан алғанда, дін мен дәстүрдің үндесетін тұстары қоғамның рухани тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді. Дегенмен дәстүрдің барлығын діни талаппен теңестіруге болмайды. Дәстүр – халықтың тарихи-мәдени тәжірибесі болса, дін – адамның сенімі мен рухани дүниесіне қатысты құндылықтар жүйесі. Сондықтан осы екі ұғымның ара-жігін дұрыс түсіну маңызды.
Бүгінгі қоғамда діни сауаттылықтың маңызы артып отыр. Әсіресе жастар діни ақпаратты сенімді дереккөздерден алып, кез келген мәліметке сын тұрғысынан қарай білуі қажет. Діннің негізгі мақсаты – адамды қоғамнан алшақтату емес, керісінше, оны ізгілікке, бейбітшілікке және жауапкершілікке тәрбиелеу.
Ұлттық дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеу – өткенді ғана құрметтеу емес, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосу. Өзінің дінін, дәстүрін және мәдениетін дұрыс таныған ұрпақ қоғамның бірлігі мен өзара сыйластықтың қадірін түсіне біледі, – деді Темур Оралбайұлы.
Жиында қоғамдағы бала тәрбиесі, оның еркіндігі және еркіндікпен бірге жүретін жауапкершілік мәселесіне де ерекше назар аударылды. “Қазіргі зайырлы, демократиялық қоғамда әр адамның өз таңдауын жасауға және ойын еркін білдіруге құқығы бар. Алайда еркіндік заң мен тәртіпті сақтаумен, сондай-ақ өзге адамның құқығы мен пікірін құрметтеумен ұштасуы тиіс.
Бұл қағида отбасы тәрбиесінде де маңызды. Ата-ана баласының пікірін тыңдап, оның қызығушылығы мен қабілетін ескеріп, дұрыс бағыт-бағдар бере білуі қажет. Баланың ойын тыңдау – оның айтқанының бәрін қабылдау емес, керісінше, онымен ашық сөйлесіп, дұрыс пен бұрысты бірге талқылау. Мұндай қарым-қатынас баланың өз ойын еркін жеткізуіне, жауапкершілікті сезінуіне және шешім қабылдау қабілетінің қалыптасуына ықпал етеді.
Бала – өзіндік ойы, сезімі мен арманы бар жеке тұлға. Сондықтан оның пікіріне құрметпен қарау – тәрбиенің маңызды бөлігі. Бұл мәселе білім беру саласына да тікелей қатысты. Педагог баламен жұмыс барысында тек талап қоюшы ғана емес, оның қабілетін ашуға көмектесетін тәлімгер болуы қажет. Қаталдыққа емес, түсіністікке негізделген қарым-қатынас баланың бойындағы қабілеттерін еркін көрсетуіне мүмкіндік береді.
Сонымен бірге еркіндік жауапкершіліктен бөлек қаралмауы керек. Өз таңдауын жасауға құқығы бар адам сол таңдаудың салдарын да түсіне білуі тиіс. Балаға еркіндік беру – оны бақылаусыз қалдыру емес, оған еркіндік пен жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті үйрету” деді аға оқытушы.
Кездесу барысында дін мен ұлттық дәстүрдің өзара сабақтастығы, салт-дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі орны, жастардың діни сауаттылығы және дәстүрлі діни танымды қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушыларға ұлттық бірегейлікті сақтауда, рухани құндылықтарды дәріптеуде және қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуда отбасы мен тәрбиенің маңызы түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптар алды. Басқосуда кез келген мәселені дау-жанжалмен емес, өзара құрмет, түсіністік және пікір алмасу арқылы бейбіт жолмен шешудің маңызы атап өтілді. Осындай мазмұнды кездесулер қоғамның діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға және рухани бірлікті нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close