Basty bet

Олар өзге адамдардың өмірі үшін өртпен арпалысады

Адамның өмірі мен қоғам қауіпсіздігін сақтау – үлкен жауапкершілікті, кәсіби шеберлікті және табандылықты талап ететін абыройлы міндет. Әсіресе, өрт сөндіру саласында қызмет ету оңай емес. Өйткені, өрт сөндіруші үшін әрбір шақырту – уақытпен санасқан күрес, әрбір әрекет – адам өмірі мен мал-мүлікті сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай қызмет иелерінен батылдық пен шапшаңдық қана емес, сабырлылық, тәртіп және өз ісіне деген адалдық та талап етіледі.
Ел тыныштығын күзетіп, жұрт қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – Жуалы ауданына қарасты Көлтоған ауылындағы №14 Көлтоған өрт сөндіру бекетінің қызметкері Аңсарбек Тәжібеков.
Ол 1990 жылы ауданға қарасты Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектепте білім алып, әрі қарай Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжіне оқуға түсіп, электро-механик мамандығын меңгерді. Колледжде алған білімі оның техникалық сауатын арттырып, түрлі құрал-жабдықтардың жұмыс істеу ерекшеліктерін түсінуіне негіз қалады. Әрбір мамандықтың өзіне тән жауапкершілігі бар. Техникалық бағытта білім алған жас маман үшін ұқыптылық, дәлдік және тәртіптің маңызы ерекше. Кейінгі еңбек жолында осы қасиеттердің қажет болары анық еді.
2010 жылы Аңсарбек Тәжібеков Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Әскери орта жас жігітті тәртіпке, ұйымшылдыққа, төзімділікке және ортақ міндет үшін жауап беруге баулиды.
Әскерде қызмет ету барысында Аңсарбек әскери тәртіп талаптарын меңгеріп, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға машықтанды. Қатардағы қызметтен жинақталған тәжірибе адамның мінезін шыңдап, қиын жағдайда сабыр сақтауға үйретеді. Ал мұндай дағдылар төтенше жағдайлармен бетпе-бет келетін мамандар үшін айрықша маңызды.
Әскери қызмет кезінде оған ефрейтор әскери атағы берілді. Сонымен қатар, ол В және С санаттарындағы жүргізуші куәлігін алды. Бұл дағдылар оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, көлік құралдарын басқаруға қажетті білім мен машықты қалыптастырды. 2015 жылдың көктемінде Аңсарбек Мықтыбекұлы туған ауылы Көлтоғандағы №14 Көлтоған өрт сөндіру бекетіне жұмысқа орналасады. Осылайша ол өзінің кәсіби жолын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жауапты саламен байланыстырды.
Өрт сөндіруші қызметінің сырт көзге байқала бермейтін өзіндік қиындығы бар. Қызмет барысында әртүрлі жағдайға дайын болу, шақырту түскен сәтте шұғыл әрекет ету, қауіп деңгейін бағалау және ұжыммен үйлесімді жұмыс істеу қажет. Кейде шешім қабылдауға санаулы минуттар ғана беріледі. Осындай сәттерде маманның дайындығы, жинақылығы мен кәсіби біліктілігі шешуші рөл атқарады.
– Өрт – алдын ала болжау қиын, адам өмірі мен қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіретін апаттардың бірі. Сондықтан өрт сөндірушілердің жұмысы тек жалынды ауыздықтаумен шектелмейді. Олар төтенше жағдай кезінде адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға, қауіптің таралуын тежеуге және зардаптың алдын алуға бағытталған жұмыстарға қатысады. Мұның бәрі үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Бұл салада техникалық білімнің де маңызы зор. Өрт сөндіру техникасы мен арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, олардың жұмыс ерекшеліктерін білу және қауіпсіздік талаптарын сақтау – қызметтің ажырамас бөлігі. Өрт сөндіру бекетінде қызмет атқару – күнделікті дайындық пен тәртіпті талап ететін жұмыс. Қызметкер кез келген уақытта шақыртуға шығуға әзір болуы керек. Өйткені төтенше жағдайдың уақыты алдын ала белгіленбейді. Бір сәтте тыныштық бұзылып, көмекке мұқтаж адамдардың тағдыры құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетіне байланысты болуы ықтимал.
Өрт сөндіруші болу үшін тек физикалық дайындық жеткіліксіз. Бұл кәсіп иесінен психологиялық төзімділік, батылдық, ұқыптылық және өз ісіне деген адалдық талап етіледі. Қауіп-қатер жағдайында асығыстыққа жол бермей, белгіленген тәртіпке сай әрекет ету – кәсіби шеберліктің маңызды көрсеткіші,- дейді Аңсарбек.
Сонымен қатар, өрт сөндіру саласында ұжымдық жұмыстың орны бөлек. Төтенше жағдай кезінде әр қызметкердің әрекеті ортақ нәтижеге әсер етеді. Сондықтан өзара сенім, бір-бірін түсіну және міндеттерді нақты орындау аса маңызды. Әріптестермен бірлесе жұмыс істеу, қауіпсіздік ережелерін сақтау және тұрақты дайындықты қамтамасыз ету қызметтің сапасына тікелей ықпал етеді.
Аудан тұрғындары үшін өрт сөндіру бекеттерінің жұмысы айрықша мәнге ие. Әсіресе, ауылдық жерде төтенше жағдайға дер кезінде жетіп, қажетті көмек көрсету маңызды. Өрт қауіпсіздігі – тек арнайы қызмет өкілдерінің міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Тұрғындардың сақтық шараларын білуі, өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауы және қауіп байқалған жағдайда тиісті қызметке уақтылы хабарлауы көптеген қатердің алдын алуға көмектеседі.
Ал осындай ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында еңбек ететін мамандардың қызметі үнемі дайындықты, кәсіби біліктілікті және жауапкершілікті қажет етеді. Олардың еңбегі қоғам үшін маңызды болғанымен, күнделікті қызметтің қаншалықты күрделі екенін жұртшылық әрдайым толық сезіне бермеуі мүмкін.
Әр адамның өмірінде мамандық таңдаудың орны ерекше. Бірі білім беру саласын таңдаса, енді бірі медицина, өндіріс немесе қоғамдық қауіпсіздік бағытында еңбек етеді. Ал өрт сөндіруші мамандығы – өзгелердің амандығы үшін үнемі дайын жүруді қажет ететін жауапты кәсіп. Бұл қызметте жеке басының жайлылығынан бұрын ортақ міндет пен қауіпсіздік талаптары алдыңғы орынға шығады.
Қоғамның қауіпсіздігі күнделікті көзге көріне бермейтін, алайда маңызы зор еңбектің арқасында қамтамасыз етіледі. Төтенше жағдай кезінде көмекке келетін мамандардың кәсібилігі мен дайындығы халықтың сенімін нығайтады. Сондықтан, өрт сөндірушілердің қызметіне құрметпен қарау, олардың еңбегін бағалау және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – ортақ міндет.
Туған өлкеде қызмет атқарып, ел қауіпсіздігіне үлес қосу – үлкен жауапкершілік. Өйткені, халықтың амандығы мен тыныштығын сақтау жолындағы әрбір еңбектің өзіндік орны бар. Ал өрт сөндірушілер үшін басты міндет – қауіптің алдын алуға атсалысу, төтенше жағдайда шұғыл әрекет ету және адам өмірін қорғау!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close