Basty bet

Туған өлкені көгалдандыру – игілікті істің жарқын көрінісі

Жастарды еңбекке баулу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, уақытша жұмыспен қамту және туған өлкенің көркеюіне үлес қосу – қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы жастарға еңбек тәжірибесін жинақтап қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендердің тазалығы мен көркін арттыруға мүмкіндік береді.
Біз «Жасыл ел» бағдарламасының биылғы атқарған жұмысы туралы аудандық Жастар ресурстық орталығының заңгер маманы Нұргелді Ахметовтен сұраған едік.
– Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы аясында аудан бойынша 120 жасты жұмысқа тарту жоспарланған болатын. Жыл басынан бері белгіленген индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес жұмыстар кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, жастар көктемгі көгалдандыру және абаттандыру шараларына белсене қатысты.
Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Бауыржан Момышұлы ауылы мен ауылдық округтерде бағдарламаның көктемгі кезеңі басталды. Жеке өтініш білдірген және «Мансап» орталығының жолдамасымен келген білім алушылар, NEET санатындағы жастар мен уақытша жұмыссыз жүрген азаматтар еңбекке араласты. Алғашқы кезеңде 29 жас жұмысқа қабылданып, 30 сәуірге дейін еңбек етті. Олар елді мекендерді көгалдандыру, көгеріштендіру және қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Мамыр айында да бағдарлама аясындағы жұмыстар жалғасын тапты. 4 мамырда 36 жас еңбек жолын бастап, 31 мамырға дейін жұмыс істеді. Маусым айында 15 жас жұмысқа тартылып, 1 маусымнан 30 маусымға дейін белгіленген жұмыстарды атқарды.
Жаз айларында да жастардың еңбекке қатысуы жалғасты. 1 шілдеде 15 жас жұмысқа кірісіп, тамыз айының соңына дейін еңбек етті. Сонымен қатар 1 тамызда тағы 15 жас бағдарламаға тартылып, 30 тамызға дейін жұмыс істеді. Олар елді мекендердің тазалығын сақтауға, жасыл желектерді күтіп-баптауға және ауыл-аймақтың көркеюіне өз үлестерін қосты.
Күз мезгілінде де «Жасыл ел» бағдарламасы өз жалғасын тапты. 1 қыркүйектен бастап 7 жас жұмысқа тартылып, 30 қыркүйекке дейін еңбек етті. Ал 1 қазаннан бастап тағы 3 жас бағдарламаның кезекті кезеңінде жұмысын жалғастыруда,- дейді Нұргелді Асқарұлы.
Бағдарламаға қатысқан жастар үшін бұл – еңбек тәртібін меңгеруге, жауапкершілікті сезінуге, ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға және тәжірибе жинақтауға берілген мүмкіндік. Әсіресе, білім алушылар, NEET санатындағы жастар мен уақытша жұмыссыз жүрген азаматтар үшін мұндай бастамалардың маңызы зор. Өйткені бағдарлама олардың қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашып, еңбекке деген ынтасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарының экологиялық маңызы ерекше. Ағаштар мен жасыл желектерді күтіп-баптау, елді мекендердің тазалығын сақтау – қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың көрінісі. Туған жердің табиғатын қорғау мен оның көркеюіне үлес қосу әрбір азаматтың ортақ міндеті екені белгілі. Осы орайда «Жасыл ел» бағдарламасы жастардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы, биылғы жылы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында аудан бойынша барлығы 120 жас жұмыспен қамтылды. Осылайша, жоспарланған индикаторлық көрсеткіш толық орындалды. Бұл – жастарды қолдау, уақытша жұмыспен қамту және туған өлкені көркейту бағытындағы жұмыстардың нәтижесі.
Еңбекке араласқан әрбір жас елді мекендердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып, игілікті істің бір бөлшегіне айналды. «Жасыл ел» бағдарламасы жастарға жұмыс істеуге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың туған жерге деген жанашырлығын арттыратын маңызды бастама болып қала береді…

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close