Qoǵam

Әлеуметтік нысандарда бірқатар мәселелер бар

Аудан әкімі Олжас Қаржауовтың ауылдық округтерге жұмыс сапары жалғасуда. Аптаның сейсенбі күні аудан басшысы Көкбастау ауылдық округіне барды. Ол ең алдымен ауылдық округке қарасты Көктөбе ауылдық клубы және кітапхананың жұмысымен, №30 Көктөбе орта мектебінің жұмысымен танысты. Айта кету керек, аталған орта мектеп 2005 жылы 250 оқушыға арнап салынған. Қазір бұл білім ошағында екі ауысымда 363 бала оқып жатыр. Мектеп директоры Марат Сармановтың айтуынша, мұнда барлығы 54 мұғалім жұмыс істейді екен. Екі қабатты мектеп ғимаратының бірінші қабатының едендерінің топырағы отырып, төмен түсіп кеткен. Соның салдарынан кіреберістің, дәліздің еденіне төселген тақтастары (кафельдері) шытынап жатыр. Мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп отыр.

Аудан басшысы ауылдық фельдшерлік-акушерлік амбулаторияда да болып, тұрғындарға медициналық қызмет көрсететін мекеменің жұмысымен, ондағы проблемалармен танысты. Келесі кезекте Қосбөлтек ауылдық клубы мен кітапханасы, «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасын, ауылдық медпунктті аралап көріп, мекеме басшыларымен сөйлесті. Олжас Есалханұлы Қосбөлтек ауылдық клубында болғанда мекеме мамандарының рухани-мәдени тұрғыда атқарып жатқан жұмыстарына қанықты. Бұл туралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов айтып берді. Мекеме ғимараты 2016 жылы ағымдағы жөндеуден өткізілген. Ал «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Шекер Жанхожаеваға ғимарат ауласын абаттандыру, аула тазалығын сақтау жөнінде бірқатар ескертпелер айтылды. 1970 жылы салынған бұл ғимарат та күрделі жөндеуді қажет етіп отыр.
Аудан басшысына келесі кезекте Бақалы ауылдық мәдениет үйі, кітапхана, медпункт, 50 орындық «Бақалы» бөбекжай-балабақшасы, 50 оқушыға арналған бастауыш мектептің жұмысы таныстырылды. Сонымен қатар, Теріс ауылдық медициналық пункті, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің технология кабинеті, акт залы, асхана, спорт залы, т.б. оқу кабинеттерін аралап көрді.
Аудан әкімі О.Қаржауов аталған орта мектептің акт залында Көкбастау ауылдық округінде орналасқан мекеме басшылары және қызметкерлерімен, жергілікті тұрғындармен шағын кездесу өткізді. Жиында Қосбөлтек ауылының тұрғындары атынан жергілікті қоғамдастықтың мүшесі Нұржан Оразбаев сөйлеп, ол мал азығы үшін егілетін жоңышқалық алқаптарға суармалы судың келмейтінін айтып, мәселе көтерді. Ол «Ақсай» каналынан келетін ағын суды бірінші кезекте картоп дақылын егетін шаруалар алатынын айтып, бұл жағдайға наразылық білдірді.
-Сіздер жергілікті тұрғын болған соң, мұндағы туындап отырған проблемаларды менен гөрі жақсы білесіздер. Мәселе судың келмеуінде болса, бір жөн. Алқапқа су келетін канал немесе арық тарту керек болса, мәселені зерделеп жан-жақты қарастырып көруге болады. Картоп басым дақыл болған соң, суды бірінші кезекте картоп еккен шаруалар алуы керек шығар. Ол жағын да алдағы уақытта терең зерделеп, сіздерге жауабын айтамыз,- деді аудан басшысы Олжас Есалханұлы.
Аудан басшысы Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаевқа жиынға мекеме басшылары мен қызметкерлерін шақырғаны үшін ескерту жасады. Бұл жиынға негізінен ауыл тұрғындары мен шаруа қожалық басшылары, кәсіпкерлер шақырылуы керектігін айтты. Е.Серкебаев шаруалардың жиынға келмеу себебін округте көктемгі дала жұмыстарының, басқа да шаруашылық жұмыстарының қызу басталуымен байланысты екенін жеткізді. Аудан басшысы О.Қаржауов округ басшысына арықтарды тазалау, Қосбөлтек ауылындағы суағарларды реттеу, тағы да басқа жұмыстарды дұрыстап ұйымдастыруды тапсырды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close