El іshі

«Алма бағын баптау – балаға қарағаннан ауыр»

дейді «Таң» шаруа қожалығының басшысы Т.Нұралиев

Ауданда дәнді дақылдарды жинау науқанынан кейін іле-шала көкөніс және бау-бақша өнімдерін теру науқаны басталады.

Өңірімізде Қызыларық ауылдық округі мен Шақпақ ауылдық округіндегі Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында алма бақтарын өсірумен айналысатын шаруа қожалықтар бар. Солардың бірі – «Таң» шаруа қожалығы. Шаруашылықтың алмаағашын өсірумен айналысқандарына 20 жылға жуық уақыт болған. Шаруашылық 2003 жылы құрылған. Оның иесі Төлеген Нұралиев деген азамат.
Төлеген Нұралиев алғашында бақшасына қызанақ, тағы да басқа көкөністерді егіп, оларды күтіп- баптаумен айналысқан. Уақыт өте шаруашылық алмаағашын өсірумен айналысуға біржолата бет бұрады.
Алма бақтағы жұмыс барысын өз көзімізбен көру үшін өткен жұма күні арнайы бардық. Алма бақтың ішін аралап жүре бергің келеді. Күтімі жақсы алмаағаштары самсап жеміс беріп тұр. Алма бауының жан-жағына егілген теректер де алма бауға ерекше сән беріп тұрғандай. Шаруашылық басшысы алма бақтың тыныс-тіршілігі жайлы баяндап берді.
-Негізінен, алма бау толық табысына төртінші жылы кіреді. Одан ары жылдан-жылға климатқа қарай көбейе береді. Қазір алманың алты-жеті түрін өсірудеміз. Барлығы бәсекеге қабілетті сорттар.
Алма бағымыз Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының батыс жағында орналасқан. Он гектардай алма баққа қоса бір гектардай алмұрт (Талғар сұлуы) сортын өсірудеміз.
Әр алманың жемісі сортына қарай, салмағы да әртүрлі болады. Алма сорттарының жемісі қыркүйек айында піседі. Оларды қаңтар-ақпан айларына дейін еркін сақтауға болады.
Алма бағын баптау – балаға қарағаннан ауыр. Минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмекті дұрыс бермесеңіз, алмаағашын өлтіріп алуыңыз мүмкін.
Біздің ауданның орналасуы ерекше. Таулы аймақтың ауа райы қоңыр салқын, алма бау, жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы,- дейді Төлеген Нұралиев.
Жеміс өсіру шаруашылығында алма сортының маңызы зор. Яғни, жеміс ағаштарын еккенде сорттарына ерекеше мән беру керек.
Алма сортының қасиеттеріне, яғни қысқа төзімділігі, жеміс беру кезеңі, өнімділігі мен жемістерінің сапасына ірілі-ұсақтығына, түсіне, дәміне, тасуға жарамдылығына, сақталғыштығына мән берген жөн.
-Біз алмаағаштарының көшет түрлерін алғаш Меркі ауданынан алдық. Алып келген алмаағаштарының көшеттерінің кейбіреуін бір-бірімен пайуандадық. Қазір бір түп алмаағашынан екі түрлі алманы кездестіруге болады.
Бақ жақсы өнім беруі үшін оған тиісті күтім қажет. Алма егуде арақашықтыққа емес, қыста және күзде қырқу жағына мән беріледі. Өнім беретін бұтақты қалдырып, қатты өсіп кетеді дегендерді қырқып отырамыз.
Ағашты жаңа маусымға дайындауға ерте бастан кірісеміз. Күзде ағаштың өсуіне қарай алмаағашының бөрікбасын қалыптастырып, қысқартып қияды. Егер қырықпаса, ағаш жақсы өспейді. Жас өркендерін кескеннен кейін олардың бойлай өсуі бәсеңдеп, жанама өркендердің өсуі артады. Алма ағаштарының жас өркендері жаз бойы 1-1,5 метрге ұзарып өседі.
Жеміс ағаштарын қалай өңдеу керектігін білген маңызды. Бақ зиянкестерімен күреске арнайы дәрілерді қолданамыз. Алмаағашы ауруларының алдын алу мен емдеу де қажетті шара. Піскен жемісті дер кезінде үзіп алмаса, келесі жылға гүлдейтін бүршіктер нашар болып қалуы мүмкін. Бір жағынан ағаш демалады. Әрі бұтақтарының қабықтары қалыңдап, қысқы суыққа төзімді болады. Бақты мерзімінде суарып, сынған бұтақтардан, түскен жапырақтардан тазартудың маңызы зор. Тазартылған аумақты қабықжегі, зерқоңыз, сүген тәрізді зиянкестер паналай алмайтын болады,-дейді Төлеген Нұралиев.
Шаруашылық піскен өнімді жиырма күннен кейін жинай бастайды. Жемісті жинауға ауылдың қыз-келіншектері жұмылдырылады. Жиналған өнімді өткізудің өзіндік тізбегі қалыптасқан. Кейде аудан, ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер келіп бау басынан сатып әкетіп жатады. Алманың біраз бөлігі аудан, облыс орталығында өтетін жәрмеңкелерде сатылады. Ал қалғаны ішкі нарықтың сұранысына да сақталады.
«Таң» шаруашылығының өз жер төлесі бар. Жертөленің іші мұнтаздай таза, алма жемісін қыста сақтағанға барлық жағдай жасалған. Жертөленің ішінде арнайы тоңазытқыш бөлме де бар. Ол жерге 200 тоннадай алма сыяды. Алма 0 градуста сақталып, бұзылмауына жағдай жасалған.
Қазіргі таңда шаруашылық басшысы Төлеген ағаның жасы 70-ті алқымдап қалды. Әкесінің қасында көмекшісі болып кенже ұлы Мэлс жүр. Төлеген аға баласына өзінің білгенінің бәрін үйретуде.
Біздің ауданда агроном маманының жетіспеушілігі қатты сезіледі. Мұны Төлеген аға да айтып отыр.
Бұл жерде ең өкініштісі, «Таң» шаруашылығы алма өсірумен айналысқандарына 20 жылдай уақыт болса да үкіметтен ешқандай субсидия, көмек алмаған. Ерте көтемде өз қаражатына алмаға себетін дәрі-дәрмекті алады. Қысқасы, шаруашылық өз қаражатымен көз тартарлық алма бақты жасап, көркейтіп отыр.

Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close