Basty bet

Ата заң жобасы жөнінде мазмұнды жиындар өтті

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын кеңінен түсіндіру және оның негізгі бағыттарын аудан тұрғындарына жеткізу мақсатында аудан көлемінде бірқатар мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар ел өміріндегі маңызды саяси-құқықтық реформаларға қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталды. Осыған байланысты ауданда ақпараттық топтар құрылып, тұрғындарға Ата Заңға енгізілген өзгерістерді кеңінен насихаттауда.
Өткен аптада аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған түсіндірме тобы Талапты ауылдық клубында және аудан орталығында орналасқан «Достық» мәдениет үйінің кіші залында мәдениет саласының өкілдерімен кездесті.
Талапты ауылында өткен кездесуде Конституциялық реформаларды түсіндіру және насихаттау мәселесі басты назарға алынды. Аудан әкімі өз сөзінде Конституцияның мемлекеттің іргетасы, азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенім мен жауапкершіліктің құқықтық негізі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа негізгі заң жобасы – бүкіл қоғамның тағдырына тікелей әсер ететін тарихи әрі тағдырлы қадам екендігін жеткізді.
Жиында Конституция жобасының құрылымы кеңінен таныстырылып, жаңа редакцияда жаңа екі «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар» бөлімдерінің енгізілгені айтылды. Бұл жаңашылдықтар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нақтылауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді. Сонымен бірге, халықтың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу мүмкіндіктері кеңейетіні ерекше айтылды.
Аудан әкімі бұл өзгерістерді жай ғана редакциялық түзетулер емес, әділетті, құқықтық және демократиялық мемлекет құруға бағытталған терең әрі жүйелі жаңғырту деп жоғары бағалады. Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары басты құндылық ретінде айқындалып, заң үстемдігі, қоғамдық әділеттілік, экологиялық қауіпсіздік және цифрлық құқықтарды қорғау мәселелеріне ерекше мән берілгені де атап өтілді.
Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды. Түсіндірме тобы тарапынан барлық сұрақтарға нақты әрі мазмұнды жауаптар берілді.
Ал, аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде мәдениет саласының өкілдерімен ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Жиын барысында Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер, қоғамдық әділеттілік пен заң үстемдігін нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев қатысып, жаңа Конституцияның ел болашағы мен жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатындағы дәл осындай басқосу Шыңбұлақ ауылындағы №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте, Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте және Қоңыртөбе ауылдық клубында ауыл тұрғындарымен өтті. Кездесу барысында Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты түсіндіріліп, олардың ел дамуы үшін маңызы кеңінен баяндалды.
Жаңа Конституция – қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтып, әрбір азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды әрі тарихи шешім екені анық. Бұл құжат еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халыққа әділеттілік, қауіпсіздік және жарқын болашаққа деген сенім сыйлайтын берік құқықтық негіз болады деп сенеміз.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close