Basty bet

Тазалық мәдениеті – әр отбасынан басталады

Өткен сенбі күні ауданда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпыаудандық сенбілік өтті. Тазалық шарасына аудан әкімі Жалғас Мұртаза бастаған аудан әкімі аппаратының, аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, сала мамандары және жастар белсенді түрде қатысты.
Аудан орталығындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында мекеме қызметкерлері жиналып, сенбілікті бастады. Шараның ашылуында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, тазалықтың маңызына тоқталды.
– Құрметті аудан тұрғындары мен әріптестер! Бүгін жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылып отыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Таза Қазақстан» деген ұғым соңғы екі жылда біздің күнделікті тіршілігімізге, өмір салтымызға еніп, осы уақыт аралығында акция аясында көптеген тазалық және абаттандыру жұмыстары атқарылды. «Таза Қазақстан» ұғымы ең бірінші кезекте адамның жаны мен жүрегінің тазалығынан басталуы керек. Сонда ғана табиғатқа, қоршаған ортаға деген жанашырлық әр адамның бойында қалыптасады. Егер бұл түсінікті санаға сіңірмесек, атқарылған жұмыстардың бәрі бекер болуы мүмкін.
«Тазалық тазалайтын жерде емес, тазалық шашпайтын жерде болады» деген ұстаным бар. Сондықтан әр тұрғын мен әрбір кәсіпкерлік нысан өз ауласын ғана емес, өзіне іргелес жатқан бес метр аумақты да таза ұстауы тиіс. Бұл талап заңмен бекітілді. Ендігі біздің мақсатымыз – жаңадан енгізілген өзгерістер мен талаптарды әрбір тұрғынға жан-жақты түсіндіру. Осындай жүйелі әрі тынымсыз іс-шаралар, тұрақты еңбек және халықтың санасына тазалық идеясын сіңіру арқылы ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Мәдениет мәжбүрлеуден басталады. Сондықтан біз бірінші кезекте түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ескерту беріледі. Егер ескертуге қарамастан талаптар орындалмаған жағдайда, заң аясында тиісті шаралар қолданылуы керек. Сонда ғана біз таза әрі көркейген елді мекенді қалыптастыра аламыз, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, аудан әкімі Жалғас Мұртаза Б.Момышұлы ауылындағы Әулиебастау көшесінің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы тазалықтың ортақ міндет екенін айтып, тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды. Сондай-ақ, тұрғындардың ұсыныс-тілектері мен өтініштерін тыңдап, сауалына жауап берді.
Кездесу барысында аудан әкімі Жалғас Мұртаза:
– Тазалық – ортақ іс. Әр отбасында қоршаған ортаға деген жанашырлық пен сүйіспеншілік қалыптасуы тиіс. Әр тұрғын қазіргі таңда өз ауласын және оған іргелес жатқан бес метр аумақты таза ұстауға міндетті. Бұл талап заңмен белгіленген. Заң – баршаға ортақ. Көшенің тазалығын өздеріңіз бірлесіп, ұйымдасқан түрде сақтауға атсалысыңыздар. Тазалыққа тек мемлекеттік мекеме қызметкерлері жауап бермеуі керек. Әр тұрғын өз ауласының, өз көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Жастарға үлгі болатындай әрекет жасауға ұмтылайық, – деді.
Сонымен бірге, аудан әкімі Б. Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаевқа мал сойып, оның қалдықтарын сай-салаларға тастайтын тұрғындарға заң аясында тиісті шаралар қолдануды тапсырды.
Жалпы, сенбілік барысында оған қатысқан мекеме қызметкерлері аудан аумағын тазалап, көшелер мен қоғамдық орындарды ретке келтірді. Қоқыстар жиналып, арамшөптер мен қураған шөптер шабылды, айналаны абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жұмыстарына көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары да белсенді қатысып, өз аулаларының тазалығын қамтамасыз етуге үлес қосты. Ал, үлкендердің қолына қапшық ұстап қоқыс жинаған әрекетін көрген балалар жарыса қоқысты, қураған ағаштарды жинауға кірісіп кетті. Міне, біз балаларға осылай үлгі-өнеге көрсету арқылы олардың бойында қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті, жанашырлықты қалыптастыра аламыз.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close