Basty bet
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – ортақ міндет
Жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері аудандық орталықтандырылған кітапханада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың мақсаттары мен міндеттері» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды. Аталған шараға кітапхананың қызметкерлері қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шараның мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, жемқорлыққа жол бермеу және оны болдырмау, заң талаптарын құрметтеуге шақыру. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру, оларды адалдық пен әділдікке баулу, таза еңбек етуге тәрбиелеу.
Алғашқы сөз аудан әкімінің кеңесшісі Әбдікерім Уркумбаевқа берілді. Ол жаңа Ата-Заңның қабылдануы, оның қоғам өміріндегі маңызы туралы кеңінен түсінік берді.
– Заңды білу әрбір азамат үшін маңызды. Себебі, заң талаптарын сақтау – тәртіптің, тұрақтылықтың және әділетті қоғамның негізі. Әр адам өз құқығы мен міндетін жақсы білген жағдайда ғана қоғамда жауапкершілік артып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік молаяды. Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны мен кері әсері де бар. Жемқорлық – ол келеңсіз құбылыс. Ол адамдар арасындағы сенімге селкеу түсіріп, нұқсан келтіреді. Сондықтан оған қарсы күрес тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті,- деді Әбдікерім Уркумбаев.
Іс-шара қатысушыларын сыбайлас жемқорлықтың түрлері, оның алдын алу жолдары және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері жөнінде түсінік берілді. Тақырыпты кеңірек ашу мақсатында арнайы слайдтар көрсетіліп, көрнекі материалдар ұсынылды.
Шарада аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық көрмені ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушысы Биғайша Шералиева сыбайлас жемқорлыққа қатысты баяндама жасап, оның қоғамға тигізетін кері әсері, адам бойында ар-ұят, иман, моральдық ұстаным туралы сөз қозғады. Кездесуде кітапхана қызметкерлері де белсенділік танытып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар адамның тәрбиесі, ар-ұяты, заңға деген құрметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті. Әділдік пен адалдықты берік ұстанған қоғамда жемқорлыққа жол берілмейтіні сөз болды.
Биғайша Шералиева,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық көрмені ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушысы