Basty bet
“Ерлігі үшін” медалі — көпжылғы қызметінің бағасы
Өрт сөндіруші – әлемдегі ең қиын әрі жауапты мамандықтардың бірі. Тілсіз жау салғырттықты кешірмейді, сондықтан бұл салада батылдықпен қатар жылдам шешім қабылдау мен табандылық аса маңызды. Көпшілік өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісін құтқарушыларды шақырту орнына жеткізетін маман деп ойлауы мүмкін. Алайда оның жауапкершілігі әлдеқайда жоғары. Ол арнайы техниканың әрдайым дайын болуын қамтамасыз етіп, кез келген қиын жағдайда автокөлікті қауіпсіз әрі шебер басқаруы тиіс. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі – аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі, азаматтық қорғау старшинасы Нұрахмет Оразбаев.
Көкбастау ауылдық округіне қарасты Қосбөлтек ауылында дүниеге келген ол еңбек жолын әртүрлі салаларда бастаған. Ол 1986-1997 жылдары Теріс ауылындағы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алған. Кейін 1997-1999 жылдары Шымкент аграрлық-техникалық колледжінде «Тасымалды ұйымдастыру және көлікте қозғалысты басқару» мамандығын меңгереді. Оқу орнын бітірген соң еңбекке ерте араласып, 1999-2000 жылдары Түлкібас ауданындағы құс фабрикасында жем дайындаушы болып жұмыс істейді. Ал, 2000-2002 жылдары Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімде әскери борышын өтеп келеді. Әскерден кейін 2002-2003 жылдары Түлкібас ауданындағы автобус паркінде шина монтаждаушы болып еңбек етеді.
Ал, 2003 жылы оның өмірінде жаңа белес басталды. Өйткені, ол аудандық №7 Өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмысқа орналасады. Әскерден кейін осы салаға қызығушылық танытып, таңдаған мамандығы уақыт өте келе жүрегіне жақын кәсіпке айналады. Өрт сөндіру бөліміндегі көлік жүргізуші лауазымына 2008 жылы ауысып, сол уақыттан бері арнайы өрт сөндіру автокөлігінің тізгінін ұстап, көптеген шақыртуға шықты. Азаматтық қорғау старшинасы Нұрахмет Оразбаев бөлімдегі бар техникалардың тактика-техникалық мінездемесін жақсы меңгерген. Өзінің қызметтік міндеттерін жауынгерлік тәсілдің нұсқаларын, қарауылдың ішкі нарядын күн тәртібінде орындалатын іс-шараларды мезгілінде орындап отырады. Өзіне бекітілген техникаға толық көлемде және сапалы техникалық қызмет көрсетеді, сондай-ақ, онда орнатылған механизмдердің жауынгерлік даярлығына және агрегаттардың мүлтіксіз жұмыс істеуіне, табылған ақаулардың себептері мен салдарын тез арада жоюға, өрт сөндіру техникаларының құжаттарын уақтылы мезгілінде жүргізіп, функционалдық міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды.
Қызмет бабында түрлі төтенше жағдайларды бастан өткеріп, талай рет қиындықпен бетпе-бет келген кейіпкеріміз үшін есте қалған оқиғалардың бірі – 2025 жылдың 22 қаңтарында болған құтқару операциясы. Сол күні түнгі сағат 01:50-де аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің «101» байланыс жүйесіне төтенше жағдай туралы хабарлама келіп түседі. Яғни, қарлы боран салдарынан “Б.Момышұлы – Көлтоған – Қошқарата – Қызтоған” ауылдары арасындағы жолды қардан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан болатын. Алайда табиғаттың тосын мінезі жұмысты қиындатып, Боралдай ауылдық округінің аумағындағы Шахан асуында «Жуалы-Су» мекемесінің төрт техникасы қар құрсауында қалып қояды. Атап айтқанда, екі МТЗ-80 тракторы, бір XCMG тиегіші және ВАЗ-21214 автокөлігімен бірге тоғыз адам жолда қалғаны туралы хабар түседі.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан құтқарушылар «ТРЭКОЛ» автокөлігімен жолға шығады. Алайда ақтүтек боран мен көріну мүмкіндігінің өте төмен болуы құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатады. Құтқару операциясы бірнеше сағатқа, тіпті тәулікке созылды. Осы кезде “Б.Момышұлы – Қошқарата” тас жолының 39-шақырымында қалың қарға байланысты «ТРЭКОЛ» автокөлігінің жүре алмай қалғаны туралы көмек сұраған хабар түседі. Аудандағы күрделі ахуалға байланысты оқиға орнына басқа техникалардың баруы мүмкін емес екені ескертіледі. Мұндай жағдайда төтенше жағдай кезінде жұмысты дұрыс үйлестірумен қатар, ұжым мүшелерінің өзара түсіністігі мен ауызбіршілігі аса маңызды. Себебі, бір адамның қауіпсіздігіне ғана емес, бірнеше адамның өміріне қатысты шешім қабылданатын сәттер болады. Адам өміріне қауіп төніп тұрғанын ескерген азаматтық қорғау старшинасы, жүргізуші Нұрахмет Қалдыбайұлы еш кідірместен арнайы ГТ-ТБ тягачының тізгініне отырып, оқиға орнына бет алады.
Табиғаттың тосын мінезіне тосырқамайтын старшина Нұрахмет Оразбаев антына адалдық танытып, өзін кәсіпқой жүргізуші екенін осы тұста тағы да дәлелдеген еді. Бірнеше сағаттан соң оқиға орнына жеткеннен кейін жағдайды бағалап, қар құрсауында қалған азаматтарды эвакуациялауға кірісті. Ауа райының нашарлауына және жолдың көрінбеуіне байланысты Нұрахмет Оразбаев әріптестерімен кезекпен жол көрсету арқылы техниканың алдында жүріп, қауіпсіз алып жүруді қамтамасыз етті. Нәтижесінде, қар құрсауында қалған тоғыз адам Көлтоған ауылындағы №14 Өрт сөндіру бекетіне дін аман жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілген болатын. Міне, бұл – оның қызмет барысында өз өмірін қатерге тігіп, азаматтық батылдығы мен кәсіби жауапкершілігін танытқан сәттерінің бірі еді.
Оның азаматтарды құтқарудағы бұл ерлігі де елеусіз қалған жоқ. Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Н.Оразбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, әр жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, Жуалы ауданы әкімінің Алғысхаттарына және облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болған. Бұл марапаттар – оның қызметіне деген адалдығы мен ел қауіпсіздігі жолындағы еңбегінің лайықты бағасы.
– Бұл мамандық мұқияттылықты, сабырлылықты, жоғары жауапкершілікті және көлік жүргізу шеберлігін талап етеді. Кез келген жағдайда бірінші өз ойыңды жинақтау қажет, автокөлікті дөрекі жүргізуге болмайды, бірден маршрутты біліп алу керек және жеке құрамды өрт орнына жеткізу керек, ең қиыны көп машиналар қойылған аулаға біздің арнайы техникамызды дұрыс бағытта орналастырып алу керек. Сондай-ақ, жылдам әрі суыққанды шешім қабылдау маңызды. Адамдар өмірін құтқару осыған байланысты. Бұл салаға адамдарға жақсылық жасаймын дегендер ғана келеді. Мұндағылар адал еңбектің абыройға бөлейтінін жақсы біледі. Өрт сөндіру – ұжымдық жұмыс. Оттың арасында жүргенде біздің бірлігіміз бекем. Жалпы, маған өз мамандығым ұнайды, – дейді ол.
Өрт сөндіруші-құтқарушылар қызметке аттанғанда олардың артында алаңдап шығарып салатын, әр кезекшіліктен кейін аман-есен оралуын асыға күтетін отбасы қалады. Нұрахмет Оразбаевтың да әр кезекшілігін аман-есен өткізіп, үйге келуін тағатсыздана күтетін жандары – өмірлік жары Зеріпкүл Батырханқызы мен үш перзенті. Отағасы қызметке аттанған сайын олар оның амандығын тілеп, үйге есіктен күлімдеп кіретін сәтін асыға күтеді…
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”