Basty bet

“Табиғатты аялауды әркім өзінен бастауы тиіс”

Атадан балаға мирас болып жеткен табиғат-Анаға деген құрметті сақтау — баршаға ортақ міндет. Қоршаған ортаны қорғауда, орман алқаптарының аумағын кеңейтуде және экологиялық мәдениетті қалыптастыруда орман шаруашылығының атқаратын рөлі зор. Осы бағытта аудандық Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқарып келеді.
Қазіргі таңда мекемеде 85 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде орманшы-қорықшылар саны — 32, орман өрт сөндіру станциясының қызметкерлері — 32. Орман шаруашылығы саласы бойынша 15 қызметкер жоғары білімге, ал 21 қызметкер арнаулы орта білімге ие. Бүгінде ұжымның басым бөлігін жастар құрайды. Аға буын өкілдерінің ізін жалғаған жас мамандар табиғатты қорғау, орман байлығын сақтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыдан қалыптасып келеді. Олардың қатарында орманшы-қорықшылар Рамазан Бейсен, Бақытжан Сайлаубек, Мұрат Алшынбай, аңшылық маманы Сұңғат Әбделі, орман шеберлері Дидар Тұрарбеков, Нұрахмет Сапарбаев, Ердос Бибасар, сондай-ақ, орман өртін сөндірушілер Әлішер Сейіткерім, Думан Кеңес және Тұрлыхан Зият бар.
Ал, ұжымда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, жастарға бағыт-бағдар беріп келе жатқан тәжірибелі мамандардың еңбегі ерекше. Олардың қатарында орманшылық басшылары Мұрат Өмірбеков пен Бақытжан Бекжігітов, орман өрт сөндіру станциясының басшылары Нұржан Абыхаев пен Шырынбек Ашықбеков, механик Нұртай Тілеуқұлов, сондай-ақ, орманшы-қорықшылар Саябек Тулеев, Қайрат Үмбеталиев, Әлімжан Сейітбеков және Нұржасар Бердібаев бар.
Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде орманшы-қорықшылардың жұмыс істеуі мен тұрмыстық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында 7 орманшы-қорықшы үйі және адам тұруға қайта жабдықталған 2 контейнер бар. Орманшы-қорықшылардың үйлерінде күн сәулесінен қуат алатын 6 батарея орнатылған. Мекеменің теңгерімінде 3 мінетін ат, 1 мотоцикл және 28 рация бар. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 7 трактор және 14 автокөлік бар. Автокөліктердің қатарында өрт сөндіруге арналған 1 КАМАЗ және УАЗ маркалы автокөліктер бар.
Табиғатты қорғау, орман алқаптарын кеңейту және жасыл желекті көбейту – қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі орман қорын молайту, көшет өсіру және орман алқаптарын қалпына келтіру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруда. 2026 жылы көктемгі орман өсіру жұмыстарының аясында 120 келі қарағаш тұқымы жиналып, 1 гектар тұқымбаққа себілген. Ал, күзде 465 келі сексеуіл тұқымын жинау жоспарланып, жиналған тұқымды 5 гектар тұқымбаққа себу көзделуде.
Биыл орман алқаптарын ұлғайту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 200 гектар жерге 625 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылып, қосымша 30 гектар алқапта көшеттерді толықтыру жұмыстары жүргізілген. Ал 2027 жылы тағы 200 гектар жерге сексеуіл көшеттерін отырғызу жоспарлануда. Көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Сәуір айында сатып алынған 800 түп қылқанжапырақты ағаш көшеті Жуалы орманшылығының Ақсай айналымына отырғызылған. Сонымен қатар, мекеме өзге орман шаруашылықтарымен және ауданның ауылдық округтерімен де тығыз байланыс орнатқан. 2026 жылдың көктемінде Ақыртөбе орман шаруашылығы мекемесіне 350 мың дана қарағаш көшеті қайтарымсыз берілген.
Орманды молайту жұмыстарының нәтижелі болуы сапалы көшет қорына тікелей байланысты. Қазіргі таңда мекеменің қарағаш тұқымбағында екі жылдық және одан жоғары жастағы шамамен 500 мың дана стандартты көшет бар. Сондай-ақ, сексеуіл тұқымбағында 400 мыңға жуық стандартты көшет өсірілуде.
Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің орманшы-қорықшылары мен қызметкерлері орман заңнамасының сақталуын бақылау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мәселен, биыл тексеру және рейдтік іс-шаралар барысында 52 азаматқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.
Орман ресурстарын ұтымды пайдалану – табиғи байлықтарды сақтаудың, жергілікті халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етудің және орман шаруашылығын дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 2026 жылдың тоғыз айының қорытындысында 149 орман пайдаланушыға қысқа және ұзақ мерзімді орман билеттері берілген.
Орман қорын сақтау мен табиғи өрттердің алдын алу – мекеме қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2026 жылы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өрттің алдын алуға және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге бағытталған бірқатар іс-шара жүзеге асырылуда. Мамыр айында мекеменің орман қоры аумағында ұзындығы 600 шақырым өртке қарсы минералды жолақтар күтіп-бапталып, жаңадан жыртылған. Өртке қарсы жұмыстарды жүргізу үшін жанар-жағармай қоры әзірленіп, қажетті құрал-жабдықтар дайындалған.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасына айрықша мән беріп, оны 2030 жылға дейін жүзеге асыру міндетін қойып отыр. Қазіргі таңда Президент тапсырмалары аясында елімізде көгалдандыру, ағаш отырғызу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар біздің мекемеде де жүйелі түрде атқарылып келеді. Соңғы уақытта техникалар жаңартылып, қосымша агрегаттар берілді. Мұның барлығы орманды молайту және қалпына келтіру жұмыстарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қоянды орманшылығы аумағындағы 73 621 гектар құмды алқапта сексеуіл өсіру – алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұған дейін жыл сайын 500 гектар жерге сексеуіл отырғызу міндеті көзделсе, биыл 200 гектар алқапқа сексеуіл егу жоспары бекітілді. Сонымен қатар орман орналастыру жұмыстары жүргізіліп, көшеттері өспей қалған аумақтарды қайта көгалдандыру шаралары қолға алынуда. Мойынқұм өңірінде 5 гектар жерге уақытша тұқымбақ ұйымдастырылып жатыр. Жалпы, жыл сайын шамамен 1 миллион көшет өсіруіміз қажет. Тұқымнан дайын көшет алу үшін орта есеппен бір жарым жыл уақыт керек. Бұл жұмысқа жауапты мамандар бекітілген, көшеттердің өсуі мен күтімі тұрақты бақылауда. Биыл орман өртінің тіркелмеуі – орман күзеті қызметкерлерінің жүйелі жұмысының нәтижесі. Орманшы-қорықшылар сегіз ай бойы тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, орман алқаптарын бақылауда ұстады. Таулы аймақтарды тұрақты аралап, бекітілген жоспарға сәйкес рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Талапты ауылының оңтүстік-шығыс бөлігінде 8 гектар аумақты алып жатқан тұқымбақ бар. Қазіргі уақытта мұнда түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Тұқымбақта бір және екі жылдық шамамен 1 миллион түп қарағаш көшеті, сондай-ақ, 650 мыңға жуық шырша өсірілуде. Бұл көшеттер сатуға дайын. Бұдан бөлек, биыл әртүрлі қылқанжапырақты ағаштардың 810 түбі отырғызылып, қазіргі таңда күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Тұқымбақтың жұмысына екі орман шебері мен екі орманшы-қорықшы жауапты. Қызметкерлерге қажетті жағдай жасалған: тұрмыстық мақсатта пайдаланылатын контейнер орнатылған, су тұрақты беріледі, жері құнарлы әрі аумағы қоршалған. Сонымен қатар, қажетті ақпараттық тақтайшалар қойылып, бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Осы орайда, тұқымбақ маңында тұратын ауыл тұрғындарына арнайы ескерту жасағымыз келеді. Малдың көшет өсірілетін аумаққа кіріп кету жағдайлары жиі кездеседі. Күнделікті суарылып, күтіп-бапталған көшеттерді малдың таптауы мен зақымдауы көп еңбектің зая кетуіне әкеледі. Сондықтан тұрғындардан малдарына жауапкершілікпен қарап, тұқымбақ аумағына жібермеуді сұраймыз. Егер малдың тұқымбаққа кіріп, көшеттерге зиян келтіру фактісі анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Бұл мәселе бойынша ауылдық округ әкіміне және аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторына да ескертілді.
Шынын айтқанда, табиғатқа деген жанашырлықтың жеткіліксіздігінен орманшы-қорықшылардың қаншама еңбегі зая кетіп жатады. Бір көшетті өсіру үшін қаншама уақыт, күш-жігер мен қаражат жұмсалады. Сондықтан тұрғындардан осыны ескеріп, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосуын сұраймыз. Табиғатқа жанашырлық таныту – әр азаматтың адамгершілік борышы әрі азаматтық жауапкершілігі.
Алдағы жылға дайындық жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Талапты ауылындағы тұқымбақтың келесі жылғы жұмыстарына арналған жері әзірленді. Қоянды орманшылығы аумағында сексеуіл тұқымын себу жұмыстары да қолға алынуда. Мұның бәрі орман қорын молайтып, табиғи ортаны сақтауға бағытталған. Қазақта «Бір тал кессең, он тал ек» деген жақсы сөз бар. Біз осы қағиданы атадан балаға мирас болып келе жатқан өсиет ретінде ұстануымыз керек. Табиғатты аялау – баршаның міндеті. Сондықтан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды аяқасты етпей, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Әрбір азамат табиғат аясында демалғанда да, күнделікті өмірде де өзінің азаматтық жауапкершілігін танытып, заң бұзушылыққа жол бермеуі тиіс. Орманшы-қорықшылардың еңбегін, орманды қорғау жолындағы қажырлы қызметін бағалай білу керек. Өйткені, табиғатты қорғау тек бір мекеменің немесе жекелеген мамандардың міндеті емес, ол – баршаға ортақ іс. Табиғатты аялауды әркім өзінен бастауы тиіс. Сонда ғана қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасып, келешек ұрпаққа жасыл әрі таза табиғат қалдыра аламыз, – дейді Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің басшысы Дәурен Тастанбеков.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close