Basty bet

Қазақ радио өнерінің қайталанбас тұлғасы

дара болмысты, бұлбұл дауысты жезтаңдай диктор, қасиетті Жуалының төл перзенті – Ұлжан Пармашқызының қазақ руханиятының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз

Ұлы Абайдың қара сөзіндегідей: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік – алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық-әурешілдікті көре-көре келдік дегендей». Әрине, осы жасқа келіп-қажыдым, жалықтым, жасаған ісіміз баянсыз болды деп айтудан аулақпын. «Қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» дейді хакім Абай. «Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, бала бағу – осыларды ермек қыла алмадым. Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын» деген Абайдың «Қара сөзіне» сәйкес, өз өңіріміз бен аймақтың жастарына, экономикалық белсенді халқына медиа-кеңістіктің негізгі қозғаушы күші саналатын – телевидение және радиожурналистика саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен әйелдер қауымының өкілі – «Қазақ» радиосында 40 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз қызмет атқарып, қазақ радиожурналистикасының алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан ардагер-диктор, жуалылық жерлесіміз – Ұлжан Пармашқызы Сағындықова да зейнеттен кейін де қолына қалам ұстап, проза мен поэзияға да бет бұрған.

Бақ қонып, Қыдыр дарыған Жуалыдай қасиетті өңірде дара болмысымен туған елінің айнадай бейнесі бола білген бірегей болмысты асыл азаматтар аса көп емес. «Қазақ» радиосында қырық жылға жуық жемісті еңбек еткен ардагер-диктор, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы – Ұлжан (Ұлбосын) Пармашқызы Сағындықованың бақилық болғанына да қырық күн болып барады. Асыл апамыздың жаны жәннатта шалқығай…!
Әрине, баршаға бұл ауыр қазаның салмағын саралап жатудың өзі артық. Бұл кісінің қоғамда, адами өркениетте алған орны мен «Қазақ» радиосы арқылы бірнеше буын ұрпақтың тәрбиесіне, жас ұрпақтың мәдени көзқарасының қалыптасуына елеулі әсер етіп, ұлттық сананы оятуға атсалысып, сонымен бірге, рухани сабақтастықтың «ізін» қалдырғаны ақиқат!
Ұлжан Пармашқызы «Өткенге салауат, барына берекет тілеп, қанағат қақпасының «кілтін» нық ұстаған ардақты Апайымыз еді. Байқап, пайымдағаным – оның мінезінде де, қызмет-тірлігінде де, жалпы өмірінде де жалғандық болмайтын еді. Құрдас-құрбыларына деген көңілі мен адал пейілі, әулетіне, аға-бауырларына, ата-анасына деген ерекше құрметін сөзбен айтып жеткізе алмайтыным анық. Ол кісінің бойынан перзентке деген құштарлық, ұрпағына деген қамқорлық пен кешірімділік қатты сезілетін…
Ұлжан Пармашқызының сексен жасқа жақындап, мәнді өмір сүріп, мағыналы ғұмыр кешкені – Ақиқат! Амал қанша, «Қарыс жерде қаза бар, өзекті жерде өлім бар» деген дана бабаларымыз. Ол кісі қалың елдің есінде, жас ұрпақтың жадында «Қазақ» радиосының «бел омыртқасы» болып, эфирде өзінің қайталанбас дауыс ырғағы арқылы қазақ әдеби тілінің тазалығын, дұрыс айту мен шешендік үлгісін халыққа жеткізуші дарынды диктор ретінде мәңгі сақталатаны анық. Бірегей диктор Ұлжан Пармашқызының ұлт руханиятына сіңірген еңбегі – қазақ радиожурналистикасының қайталанбас тағылымды тарих! Аясы шектеулі, азабы бойынан асатын заманға, пәни-дүниедегі өмірге «шүкір» деп өткен аяулы апамыз (әпкеміз) биыл өмірінің 79-шы көктемін қарсы алған бақытты Ана!
Аяулы апайымыздың өнегелі өмір жолына терең үңілсек, тек қана тағылымды ғұмыр жолын көреміз. Ұлжан Пармашқызы 1947 жылы 13 ақпанда Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Шақпақата ауылындағы (бұрынғы Кременевка) С.М.Киров атындағы орта мектепті (қазіргі Қ.Сағындықов атындағы ОМ) бітірген соң 1966 жылы сол тұста елдің астанасы болған Алматы қаласындағы Қазақтың Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияның Өнер бөліміндегі актерлар дайындайтын факультетіне оқуға түсіп, Халық әртісі Қадиша Бөкееваның класын бітіріп шығады. Жоғарғы оқуды бітірген жылы Тілеутай Ибраев деген азаматқа тұрмысқа шығып, екеуі құрған өнегелі отбасында төрт баланы дүниеге әкеліп, оларды жақсы тәрбиелеп өсірді. Апайдың жолдасы да өнер адамы ретінде ұзақ жыл Алматы қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы филармонияның директоры болып қызмет атқарған. Сазгерлер қоғамының төрағасы болып, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовты 60 жасында Тараздан тауып, бүкіл қазаққа әйгілі етуге еңбек сіңіргенін айта кеткен артық болмас…
Ұлжан Пармашқызы оқуды бітірген соң әртіс болып театрға барғысы келмей, 1970-2005 жылдары (40 жылдай) «Қазақ» радиосының дикторы қызметін абыроймен атқарды. Әйгілі диктор, Қазақстанның Халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың шәкірт-әріптесі. Қазақ дубляж өнерінің қамшы салдырмас майталманы. Ол кісінің шығармашылық ерекшелігі – эфирде тек дайын мәтінді оқитын спикер ғана емес, сонымен бірге, өзі де арнайы хабарлар мен бағдарламалардың мәтінін жазып, автор ретінде де зор белсенділік танытқан креативті диктор болғанын жұртшылық жақсы білсе керек. Үн тазалығына келсек – тыңдарман қауым оны адамның жан дүниесін баурап алатын ерекше қоңыр даусы, сұлу да сыңғыр үні, анық дикциясы және қазақ тілінің тазалығын сақтаудағы кәсібилігі үшін жоғары бағалағаны анық.
Нарық заманында радиожурналистика саласының жұмысы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Кезінде сөзді тыңдарманға жеткізудің де қуатты құралы радио болды емес пе?! Радио – журналистиканың саласы, БАҚ-тың бірі де бірегейі болған. Радионың құдыреті сол адам санасын сілкінтіп, көңілін шымырлататын қасиетінде, шынайы өнер туындысы секілді кісіні қанаттандырып, шабыттандырып, рухани жан дүниесіне де әсер ете білді.
«Қазақ» радиосының тарихында әуе толқынындағы көркемсөз құдіретін қалыптастырған дикторлар өте көп болғаны белгілі. Олар – Мина Сейітова, Әнуарбек Байжанбаев, Әбдірахман Есімжанов, Қатира Әзімбаева, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Өмірхан Қалмұрзаев, Сауық Жақанов, Зиада Бекетова, Жәлел Асқарова, Ұлжан Сағындықова, Сара Омарходжаева, Ыдырыс Ноғайбаев, Мұқтар Бақтыгереев, Бүркіт Бекмағамбет және Раиса Аманбаева, т.б.
Зиялы қауым өкілдері мен алғашқы, орта буын-ағалар жақсы білетіндей, ұлттық рухты шыңдаған жоғарыдағы дикторлардың көркемсөз оқу шеберлігінің нәтижесінде, «Қазақ» радиосы ұлттың үнжариясы бола білді. Бір ғасырға жуық тағылымды тарихы бар «Қазақ» радиосының қалыптасып, дамуына сүбелі үлес қосып, елеулі еңбек жолында радионы тағдырына байлаған дикторлар жеткілікті болған. Өкінішке орай, олардың еңбек жолын зерделеген зерттеулер жоқтың қасы…
Олар туралы айта бастаса, тізімде алғаш болып орын алатын, елімізде дикторлық мектепті қалыптастырған, қазақтың тұңғыш дикторы – Мина Сейітова екені белгілі. Ол «Қазақ» радиосына 15 жасында келіп, осында 44 жыл жұмыс атқарған. Ұлы Отан соғысы жылдары Мәскеуде майдан алаңындағы жаңалықтарды Юрий Левитан халыққа жеткізсе, қазақ даласына Мина Сейітова хабарлап отырғанын қазір біреу білсе, біреу білмейді. Сұрапыл соғыс жылдарында диктордың жасы небәрі 22-де болған екен. Сол жылдары Мәскеудегі киностудия Алматы қаласына көшіріліп, онымен бірге білікті әріптестері де Алматыға келген екен. Микрофонмен сөйлеу техникасын, дауыстың қыр-сырларын Мина апай солардан үйреніпті. Минаның күйеуі кеткен тұста шиеттей екі баласын құшақтап, жалғыз қалады. Соғысқа байланысты Мәскеуден келген жедел ақпараттарды қазақ тіліне аударып, эфирден қазақ даласына беріп отырған. Бір баласын фортепианоның үстіне, екіншісін астына жатқызып қойып, күні-түні соғыс туралы радиоға келген ақпаратты қазақ тіліне аударып, эфирден тыңдаушыларға дер кезінде таратып отырған. Осы тұста қаршадай қыз қазақ даласына жеткен қайғылы хабарды естіген халқымен бірге жылап, бірге мұңайды. Қазақ даласына Жеңіске жеткен қуанышты сәтті алғаш хабарлаған да Мина Сейітова болатын. Мина Сейітова – Алаш қайраткері, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсыновтың жиен қарындасы болған. Көз көрген тұлғалардың айтуынша, талантты диктор бұл құпияны өмірінің соңына дейін жасырып өтіпті. Сонымен қатар, соғыс жылдары «Қазақ» радиосының тұңғыш дикторы Мина апаймен бірге Шәкен Айманов та бірге эфир жүргізгенін көпшілік біле бермейді.
Жалпы, қазақ телевидениесі мен радиожурналистикасы – қоғамдық сананы қалыптастырып, ұлттың мүддесін қорғайтын және халық пен биліктің арасындағы алтын көпір болған маңызды ақпарат құралдары екені белгілі. Телевидение – көрерменнің назарын толық экранға бағыттаса, радио – тыңдармандардың қиялына еркіндік береді, яғни, оны жұмыс барысында немесе жолда (көлікте) тыңдау өте ыңғайлы. Теледидар – кадр арқылы эмоцияны тез жеткізіп, жүргізушінің имиджін айқын көрсетсе, Радио – дауыс ырғағы мен шынайылық арқылы сенім ұялататын «әсер етуші күш»!
Әрине, посткеңестік және қазіргі радиожурналистика-ақпаратты тарату тәсілі, техникалық мүмкіндігі және аудиториямен байланысы бір-бірімен түбегейлі ерекшеленеді. Кеңес кезінде біржақты байланыс, яғни тыңдарман тек қабылдаушы рөлінде болды ғой, кері байланыс тек хат жазумен немесе студияда сирек болатын телефон шалу арқылы жүзеге асып келгені белгілі. Аумақтық қамту аймағы шектеулі болып, бағдарламалар қатаң бекітілген (цензура) сеткамен ұзақ монологтар мен дикторлық оқуға негізделді.
Ал, қазір мультимедиалық және интерактивті жүйе, яғни радио эфирі интернетке көшіріліп, подкаст, онлайн-стрим және әлеуметтік желілермен (кері байланыс, чаттар) тығыз байланыста жұмыс жасайды. ҒМ қабылдағыштан бөлек, кез келген смартфон немесе сайт арқылы әлемнің кез келген бұрышынан радионы тыңдауға мүмкіндік бар.
Ұлжан әпкені үнемі еске алған сайын ол кісінің ерекше бейнесі көз алдымнан кетпейді. Пайымдауымша, бір ғажабы өмірдің сергелдеңін көп көрсе де, ол кісі оған ешқашан мойыған жоқ. Келісті біткен келбетінен нағыз қазақтың қайсар рухты қызына тән өжеттілік, мейірбандықты көріп, байқап таңқалып жүрдім. Шамамен, осыдан оншақты жыл бұрын «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын алған қуанышты күні біздің үйде қонақ болып отырған сәтінде: «Әпке, бір орында және ерекше саланың ауыр лауазымын 40 жылдай атқаруыңыздың сыры неде?» дедім. Сондағы менің сауалыма:
«Бауырым, тыңдарман талабынан шығу үшін ең алдымен аузыңнан шыққан әрбір сөз үшін жауапты екенімді ескеріп, терең ойланып, салмақтап, қате жібермеуге тырыстым. Мәдениетті сөйлеу – жүргізушінің тыңдарман алдындағы – борышы!» дегені әлі есімде. Кәсіби шеберлік деген осы шығар. Жалпы, кәсіби шеберлік дегеніміз не?! Меніңше, кәсіп иесіне тән қандай критерийлерді жатқызуға болады деген риторикалық сұрақ туындайды. Кәсіп – еңбек қызметінің негізгі бір саласы. Ал, шеберлік – белгілі бір кәсіп бойынша өз ісін жетік меңгеру, сол салада терең ізденіп, өзін жан-жақты дамыту арқылы кәсіп иесінің жоғарғы сатыға көтерілуі, биік белестен көрінуі. Жалпы бұл салада – микрофон алдында отырып, қиыннан қиыстырып, әңгімені сабақтап әкететін радиожурналист Ұлжан апайдың ұшқыр ойы, ұтқыр сөзі – оның кәсіби шеберлігінің биік өлшемі ғана емес, тәжірибесінің айнасы деп айтуға әбден болады!
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлының: «Қазіргі сөз макулатурасы көбейген кезде қалың бұлттан жарып шыққан, түн түнегін түріп тастаған айдай болып тіл қататын – әуе толқынының әйгілі жүргізушісі болу үшін журналистиканың барлық мүмкіндіктерін жете пайдаланып, мың құбылған тәсілдер мен әралуан пішіндердің сан қилы қисындары мен толып жатқан ерекшіліктерін жан-жақты меңгеріп, аудиторияны баурап алатын тартымдылық, шешендік өнер мен интектуалдық деңгейдегі тапқырлықты өз образы, өз имиджі ретінде бойына сіңіріп, қалыптасқан қолтаңбасы ретінде халыққа ұсыну керек» дегені бар.
Болашақта диктор боламын деген жас маман өте көп. Бірақ, олар үшін қазақ дикторларының тәжірибесі мен көркемсөз оқу техникасын зерттеу, оны қолданысқа пайдаланудың қажеттілігі зор. Қазіргі жаһандану заманында қазақи мақамда сөйлеу мәнерін сақтап қалу, оны болашақ ұрпаққа қалдыру – алдыңғы толқын аға буынның азаматтық борышы!
«Қазақ» радиосында жарты ғасырға жуық жемісті қызмет атқарып, мол тәжірибе жинаған Ұлжан әпкеміз зейнет демалысына шықса да, шығармашылық жұмыстан қол үзбей, оны үнемі жалғастырып отырды. Пәни-жалғанда аққан жұлдыздай қысқа ғана ғұмыр кешкен жуалылық талантты ақын Бауыржан Үсенов туралы жазған эсселерімен де елдің есінде қалғаны анық. Шығармашылықтың адамы ретінде белгілі жазушы, көсемсөз шебері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазамен шығармашылық байланыс орната білді. Әпкеміздің сазды үнімен жазылған көптеген көркем туындылар қазір «Қазақ» радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Ұзақ жылғы ізденіс пен аянбай еткен еңбегінің жемісі болар, Ұлжан Пармашқызы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты атақтарына ие болды. Телерадио байқауының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері атануы оның алтын дауысты диктор болғанын айғақтаса керек. Ұлжан апай белсенді өмірінің соңына дейін ұлттың үнжариясы болған «Қазақ» радиосының мерейтойлары мен маңызды жобаларына арнайы шақыртылып, эфир тізгінін ұстау арқылы кейінгі толқын жас буынға жарқын үлгі көрсетіп келді.
Бір сөзбен айтқанда, Ұлжан апай қоғамның дамуына, туған елдің өркендеуіне өзінің сүбелі үлесін қосып, ешқашан «үнсіздік» танытпады. Данышпан Нажиб Махруз: «Қоғамды құртатын – надандық емес, үнсіздік. Кейде үнсіздік – әділетсіздіктен де қауіпті. Өйткені, надандықты оятуға болады, ал үнсіздік құлдыққа үйретеді. Дауыс көтерген жау емес – үнсіздіктен оянған жау» деген екен.
«Қазақ» радиосында қырық жылға жуық жемісті еңбек етіп, ұлт руханияты көкжиегінің кеңеюіне сүбелі үлес қосқан ардагер-диктор, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы – Ұлжан (Ұлбосын) Пармашқызы Сағындықованың өмірден өткенінен қырық күн толуына орай Алла Тағаладан тілеген дұға-тілектер марқұмның әзиз рухына тие берсін!
Қазақ руханиятының көрнекті өкілі болып, мағыналы да мәнді ғұмыр кешіп, соңына мол рухани мұра қалдырған, қасиетті Жуалы ауданының төл перзенті Ұлбосын Пармашқызының жарқын бейнесі, мейірімге толы келбеті, айрықша адами болмысы ұзақ жылдар бойы естен шықпас, жадымыздан өшпес…
Бақұл болыңыз, ардақты Апайымыз!!!

Әбдікерім УРКУМБАЕВ,
Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі. Б.Момышұлының «Намыс» төсбелгісінің иегері,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close